Павлодарда 200-ден астам адам қызылша жұқтырған
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Қызылша жұқтырғандардың барлығы екпе алмағаны анықталған. Науқастардың басым бөлігі — балалар.
Жыл басынан бері Павлодар облысында 200-ден астам адам қызылша жұқтырған.
Қызылша сырқатынан кейін дерттің асқынулары ауыр болады. Санитарлық мамандар ата-аналардың екпе салдырғаннан гөрі бір рет ауырып шыққан дұрыс деген пікіріне қарсы.
— Қай заманда болсын екпе алған қоғам ғана ауыр сырқаттарды жеңген. Жыл басынан облыста қызылша ауруын жұқтырудың 231 жағдайы тіркелді. 190-ы балалар, 4-еуі жасөспірімдер. Көбіне екпе алмаған балалар ауырып жатады. Бұған ата-аналардың бас тартуы себеп, — дейді Павлодар қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы Баян Сартай.
Мамандардың айтуынша, жазға қарай қызылшамен ауыру көрсеткіші төмендейді. Себебі мектептерде, балабақшаларда демалыс басталады.
Еске сала кетейік, Батыс Қазақстанда жыл басынан бері 256 адам қызылша жұқтырған.