Павлодарда 2026 жылғы су тасқынына қарсы іс-шаралар қазірден басталып кетті

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Өңірде аумақтар мен әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін ықтимал су тасқынынан қорғау бағытында 22 іс-шара жоспарланған.

Павлодар
Фото: gov.kz

Келер жылғы су тасқыны кезеңі қарсаңында елді мекендерді су басу қаупін азайту мақсатында Павлодар облысында облыс әкімінің инженерлік жұмыстар мен кешенді іс-шаралар жоспары бекітілген. Іс-шараларды іске асыру төрт кезеңге бөлінеді: жаз, күз, қыс, көктем.

- Қазіргі уақытта инженерлік жұмыстар жоспары шеңберінде аумақтар мен әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін ықтимал су тасқынынан қорғау бағытында жоспарланған 22 іс-шараның 13-і орындалды. Мәселен, Ертіс ауданында Сілеті – Қызылағаш аудандық маңызы бар 13 км автожолға су өткізу құбырлары орнатылды. Осыған ұқсас жұмыстар Май ауданында орындалды: құбырлар Жаңатілек ауылына және Баскөл ауылына кірме жолға салынды. Екібастұз ауданында Ак. Марғұлан ауылының айналасында қорғаныш үйіндісін нығайту және арық жүйесін жайластыру жұмыстары жүргізілді. Павлодар қаласының Кенжекөл ауылында және Павлодар ауданы Жамбыл ауылында жер үйінділері нығайтылды, - деп хабарлады өңірлік төтенше жағдайлар департаментінен.

Инженерлік іс-шаралар көктемгі су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлар тәуекелдерін азайтуға, халықты қорғауға және инфрақұрылым объектілерінің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған.

Бұған дейін Сәтбаев каналынан жіберілген су Павлодардағы шабындықтардың өнімділігін арттырғанын жазғанбыз. 

Соңғы жаңалықтар