Павлодарда 44 шетел азаматы шекарадан әрі асырылды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Жыл басынан 421 шетелдік азаматтың елде болу ережелерін бұзғаны анықталған. Ал шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін 36 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Павлодар облысының көші-қон қызметі көші-қон заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастыруда.
— Жыл басынан бері 1866 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың ішінде 571-і — шетел азаматы. 421 шетелдік азамат елде болу ережелерін бұзған. Тағы 939 азаматтың ел аумағында жеке басын куәландыратын құжатсыз тұрып жатқаны анықталды. Әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша 256 іс сотқа жолданып, 44 шетел азаматы сот шешімімен елден шығарылды, — дейді облыстық полиция департаменті көші-қон қызметінің бастығы Қанат Сартов.
Аталған кезеңде 260 шетелдік азамат ҚР азаматтығын қабылдаса, 200 адам Қазақстан азаматтығынан айырылу бойынша тіркелген.
Еске сала кетейік, Алматыда қоғамдық орында балағат сөз айтқан шетелдік 10 күнге қамалды.