Павлодарда 45 жағажайдың 7-уінде ғана балаларға арналған аймақтар жабдықталған

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Биыл мамыр айының соңынан аптап ыстықтың тұруына байланысты өңірде суға шомылу маусымы ерте басталған. Су айдындарындағы қауіпсіздік мәселесі өзекті болып отыр.

Баянаульский район
Фото: Артём Викторов /Kazinform

Облыс әкімдігінің дерегінше, 2025 жылы аймақта 14 адам суға кетіп қаза болған. Оның ішінде екі кәмелетке толмаған бала бар. Барлық қайғылы жағдайлар суға түсуге рұқсат етілмеген орындарда тіркелген.

— Аймақта су жағасында жаппай демалуға арналған 45 орын белгіленген. Оның ішінде 29 жағажай коммуналдық және 16 жекеменшік. 45 жағажайдың тек 7-інде ғана балаларға арналған аймақтар жабдықталған. Аққулы, Ақтоғай, Железин, Ертіс және Шарбақты аудандарында қауіпсіздік талаптары әлі де сақталмай отыр. Баянауыл ауданында жедел әрекет ету мүмкіндігін арттыру мақсатында модульдік құтқару кешенін құру жоспарланған, — деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен.

Биыл төтенше жағдайлар департаменті 62 қоғамдық құтқарушыны дайындықтан өткізіп, қосымша 10 штаттық құтқарушы жұмылдырылған. Бұл тәжірибе өзінің тиімділігін көрсетіп отыр. Мәселен, 1 маусым күні Ақсу қаласында қоғамдық құтқарушылардың кезекшілігі арқасында Белая өзенінде суға батып бара жатқан екі тұрғын құтқарылған.

Еске сала кетейік, жазғы уақытта Павлодар облысындағы жағажайларда 90 құтқарушы тұрғындардың судағы қауіпсіздігін бақылайды. Су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында дрондар да қолданылады.