Павлодарда 52 млн теңгенің контрафакті өнімі жойылды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодар облысында сегіз қылмыстық іс бойынша заттай дәлел ретінде тіркелген, жалпы құны 52 млн теңгеден асатын тауар жойылды.

Павлодарда 52 млн теңгенің контрафакті өнімі жойылды
Фото: Павлодар облысы экономикалық тергеп-тексеру департаменті

Өңірлік экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мәліметінше, жойылған өнімдердің қатарында 390 вейп, акциздік маркасыз 13 мыңнан астам қорап темекі және 356 бөтелке суррогат алкоголь бар.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, қылмыстық істер бойынша заттай дәлелдерді жою - заңнамада көзделген стандартты рәсім. Мұндай шаралар кейде қоғам өкілдері мен колледж студенттерінің қатысуымен ашық түрде өткізіледі.

Департамент басшысының орынбасары Ғалиасқар Қасымов заңсыз айналымдағы өнімдердің адам денсаулығына қауіп төндіретінін атап өтті.

- Біздің азаматтар мұндай өнімдерді сатып алып, кейін уланып немесе түрлі ауыр ауруларға шалдығуы мүмкін. Тіпті өлімге әкелетін жағдайлар да бар. Өйткені бұл өнімдердің, соның ішінде алкогольдің де құрамында техникалық спирт болады. Оны сумен араластырып, бөтелкелерге құйып, халыққа сатады, - деді Ғалиасқар Қасымов.

Еске сала кетейік, Шымкентте контрафактілік құрылыс қоспаларын шығаратын астыртын цехтың жұмысы тоқтатылды.