Павлодарда Абылай хан заманының жәдігерлері таныстырылды

Абылай хан, жәдігер
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде Абылай хан заманына қатысты жәдігерлер таныстырылды. Жұртшылық көшпелі көрмеден Абылай хан резиденциясының макетін, Абылайдың мөр сақинасы мен сол заманда батырлар ұстаған соғыс қарулары мен сауыт-сайманды, дулығаларды тамашалады.

Солтүстік Қазақстан облысындағы «Абылай хан резиденциясы музей кешенінде» ұлы ханның заманына қатысты көптеген тарихи жәдігерлер сақталған. Азаттық күрестің жалынды басшысы, қазаққа ұлы хан боп өткен Абылай ханның мұралары Ертістің Павлодар өңірінде алғаш рет паш етілді.

Абылай хан, жәдігер
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Көшпелі көрмені бастап келген «Абылай хан резиденциясы музей кешенінің» директоры Аян Садаев мекемеде жалпы саны 500-ден астам жәдігер барын жеткізді.

«Абылай заманына қатысты соғыс қару-жарағы, тарихи құжаттар, этнографиялық бұйымдар көп. Бүгінгі көшпелі көрмеге солардың негізгілерін ғана әкеліп отырмыз. Бұл жәдігерлердің көбі сол заманның үлгісімен жаңадан жасалған бұйымдар екенін байқап отырған боларсыздар. Қаламызда Виктор Жаворонков есімді шебер азамат бар. Оған тапсырыс береміз. Ұста бұйымды жасамас бұрын оның тарихи негізін зерттеп, мағлұматтар жинайды. Нәтижесінде өте керемет туындылар жасап шығарды. Ал кейбір жәдігерлерді «Музейге сыйлық» акциясы аясында жергілікті жұртшылық музейге әкеліп тапсырды», дейді ол.

Абылай хан, жәдігер
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Көрмеде Абылайдың ақ үйінің үлгісі, ханның мөр сақинасының көшірмесі, зұлпықар қылыш, қазақ батырларының сауыт-сайманы мен семсер, найза, шоқпар, қылыш, айбалта, күрзі, акинак, сирақты мылтық сияқты соғыс құралдары, сол кезеңдегі дипломатиялық хаттар мен архивтік құжаттардың көшірмелері және тағы да басқа көптеген жәдігерлер ұсынылды.

Абылай хан, жәдігер
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform
Абылай хан, жәдігер
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

 

Соңғы жаңалықтар