Павлодарда адам құқықтары жөніндегі уәкілдің араласуымен 5 қылмыстық іс тоқтатылған
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Адамдар көбіне мемлекеттік органдардың қызметіне қатысты, соның ішінде әлеуметтік қорғау, мүгедектер мәселесіне қатысты сұрақтармен келген. Уәкілдің аралаусымен облыста 5 қылмыстық іс бойынша соттың шешімі тоқтатылған.

Былтыр адам құқықтары жөніндегі жергілікті уәкілге тұрғындардан 212 шағым түскен. Адамдар омбудсменге көп жағдайда мемлекеттік органдардың қызметіне қатысты, соның ішінде әлеуметтік қорғау, мүгедектер мәселесіне қатысты сұрақтармен жүгінген.
«Азаматтардың арыз-шағымын тікелей немесе «Е-otinish» жүйесі арқылы қабылдаймыз. Мүмкіндігі шектеулі жандар кейбір мемлекеттік қызмет көрсету ғимараттары өздері үшін тиісті қажеттіліктермен жабдықталмағаны жөнінде жиі хабарласады. Былтыр арбаға таңылған мүгедек жан, белсенді азамат Игорь Кунцевич «Мойылды» шипажайына баруымызды өтінді. Мүдделі мемлекеттік мекемелермен бірлесіп, мониторинг жүргіздік. Расында шипажайдағы кейбір ем-дом кабинеттерінде арнайы ұстағыштар, аксессуарлар қарастырылмаған болып шықты. Емделушілерді қабылдау жағдайларын жақсарту туралы кеңес бердік. Басшылығы жағдайды тез арада реттейміз деп уәде етті», дейді ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Павлодар облысындағы өкілі Игорь Тарасенко.
Бұдан басқа, өкілдің ұйытқы болуымен «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында Павлодарға Қызылорда облысынан көшіп келген отбасының заңды құқығы қорғалды. 17 жастағы жас ананың сәбиіне мемлекеттен тиесілі жәрдемақы тағайындалуға көмек көрсетті.
Былтыр И.Тарасенконың араласуымен облыста 5 қылмыстық іс бойынша соттың шешімі тоқтатылған. Нәтижесінде, іске қатысы бар өзге тұлғалар жаза арқалаған. Жалпы, омбудсменге сот шешіміне қатысты арыз-шағым жиі түседі. Өкілдің сөзінше, адам құқықтары жөніндегі уәкілдің сот шешіміне тікелей әсер етуге ешқандай құқығы жоқ. Шағымданушыларға тек қалай әрекет ету керектігі туралы ақыл-кеңес беріліп, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.