Павлодарда аға буын өкілдерінің клубы ашылады
ПАВЛОДАР. Қазанның 2-сі. ҚазАқпарат /Вера Ливинцова/ - Келер жылы Павлодарда аға буын өкілдерінің клубы ашылады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Бұл жақсы жаңалықты облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев Қарттар күні соғыс және еңбек ардагерлерімен болған кездесуде хабарлады. Клуб қаладағы байырғы ғимаратта қайта жөндеуден өткізілгеннен кейін ашылады. Онда шай ішетін қонақ бөлме, демалатын жай және заңгер-кеңесшінің кабинеті болады.
Кездесуде ақсақалдарды мерекелерімен құттықтаған аймақ басшысы, оларға ұзақ өмір тіледі. Қарттар да өз кезектерінде қала орталығында орын алып жатқан өзгерістер туралы, жөнделіп жатқан жолдар мен қаланың көркін келтіріп отырған гүлзарлар туралы пікірлерін білдірді. Ардагерлер облыс әкімінің қызметіне қолдау білдіре келе, Павлодарға көрікті, таза және жайлы қаланың даңқын қайтару үшін не істеуге болатынын айтты.