Павлодарда ақиық ақын Қалижан Бекқожиннің 100 жылдық мерейтойы атап өтілді

Облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, ескерткіштің ашылуына Қазақстан мен облыстың көрнекті қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, ақынның туған-туыстары, облыс пен қала басшылығы, жоғары оқу орындарының ректорлары, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, студенттер мен оқушылар қатысты. «Бұл - қазақ ақыны, алаш ұлы әрі нағыз азаматқа көрсеткен құрметіміз. Өскелең ұрпақтың өңіріміздің осындай даңқты адамдары жайлы көбірек білуі біз үшін аса маңызды болып табылады», - деп атап өтті өз сөзінде өңір басшысы Е. Арын. Бұдан кейін С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Қ. Бекқожиннің шығармашылығы және қазіргі қазақ поэзиясы» атты ғылыми-практикалық конференция өтті. Пленарлық отырыста Павлодар облысының әкімі Ерлан Арын, Қазақстан Республикасы Президенті телерадиокешенінің бас директоры Ерлан Бекқожин, Қ. Бекқожиннің зайыбы Зайра Бекқожина, жазушы, филология ғылымдарының докторы Тұрсынбек Кәкішев, Қазақстан Республикасы Президенті баспасөз хатшысының орынбасары, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, филология ғылымдарының докторы Бауыржан Омаров және халық жазушысы Әбдіжамал Нүрпейісов баяндама жасады. Конференция жұмысына Түркия мен Әзірбайжан елдерінен келген атақты қонақтар, Қазақстан жазушылар одағының өкілдері де қатысты. Шарада Қалижан Бекқожиннің өмірі мен шығармашылығына арналған сайттың тұсауы кесіліп, ақын шығармашылығының негізгі бағыттары, қазақ әдебиетіндегі орны, қазіргі қазақ әдеби тілі және Қазақстандағы қоғамдық ғылымдар дамуының өзекті мәселелері қарастырылды. Одан кейін мәртебелі меймандар Қ. Бекқожин атындағы № 12 жалпы білім беру мектебін аралап, «Қалижантану орталығында» болды. Ақынның мерейтойына арналған шара әдеби-музыкалық кешпен аяқталды. Кеште ақынның өмірі жайлы бейнефильм көрсетіліп, шығармалары оқылды, ҚР еңбек сіңірген әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Шахымардан Әбілов, Алматы опера және балет театрының солисі Есекелді Рыза, И. Байзақов атындағы облыстық филармонияның әртістері өнер көрсетті.