Павлодарда аквапарк құрылысына байланысты қалалық бақтың аумағы қысқарып қалған
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодардағы қалалық бақта болашақ аквапарктің автотұрағына жер телімін босату үшін екі аттракцион бөлшектелді.
Жергілікті тұрғындар қос аттракционның жоқ екенін 2025 жылдың қазан айында-ақ байқаған. Сол кезде «Юнга» және «Ромашка» карусельдері бөлшектеліп, олардың орнына қоршаулар орнатыла бастады. Тұрғындар бұған наразылық білдірген еді. Бірақ әкімдік бұл шараның «профилактикалық жұмыстарды жүргізу қажеттілігіне байланысты» уақытша екенін ресми түрде мәлімдеген болатын. Сондай-ақ, бәрін жөндеп, көктемге қарай орнына қоятындарын уәде еткен.
— Ойын жабдықтарын жаңартуға болар, бірақ аттракциондарды мүлдем алып тастауға болмайды. Балалар мұнда ойнап қана қоймай, таза ауада демалады. Бұл — қалалық бақтың жылдар бойы қоғамға тигізіп отырған пайдасы. Бізге іші қапырық, тыныс алу қиын болатын жабық қоғамдық орындардың қажеті жоқ. Бұрынғы карусельдерді қалдыруға болатынына сенімді едік. Олар бәріне ұнайтын, — дейді Павлодар қаласының тұрғыны Мәдина Бетимова.
Алайда биыл көктемде қоршау алынған жоқ, ал карусельдерді мүлдем басқа аумаққа орната бастаған. Ол жер басқа аттракциондарға өте жақын орналасқан.
Қалалық әкімдік жағдайға қатысты түсініктеме берді.
— Аттракциондарды бөлшектеу көршілес орналасқан аквапарктің көпдеңгейлі паркингін салу бойынша құрылыс жұмыстарының жүргізілуіне байланысты уақытша жүзеге асырылды. Бұрын аттракциондар орналасқан жер телімі Павлодар қаласы әкімдігінің 2025 жылғы 6 наурыздағы № 344/1 қаулысы негізінде «HAGI-Павлодар» ЖШС-не уақытша пайдалануға берілген, — деп жауап берді жауаптылар.
Шенеуніктердің ақпараты бойынша, аттракциондарды көшіру жұмыстары аталған компанияның қаражаты есебінен жүргізіліп жатыр. Алайда қалалық бақ қанша аумақтан айырылғаны туралы жауапта айтылмады.
Еске сала кетейік, Павлодарда жер кезегінде 66 мыңға жуық адам тұр.