Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Павлодарда алапат құйын салдарынан зардап шеккен тұрғындарға қандай көмек көрсетіледі

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Баспаналары бүлінген Қоңырөзек ауылының тұрғындарына 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде материалдық көмек берілмекші. Сондай-ақ жергілікті кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары құрылыс материалдарын сатып алуға демеушілік көмек жасаған.

50 млн человек находятся в зоне риска торнадо в центральной части США
Фото: Day.az

Успен ауданының әкімі Нұрболат Мақашевтің ақпарынша, жойқын құйынның салдарынан Қоңырөзек ауылдық округінде электр беру желілерінің 7 тірегі зақымданып, соның салдарынан төрт елді мекен уақытша электр қуатынсыз қалған.

— Бүгінгі таңда Чистополь, Вознесен және Надаровка ауылдарында электрмен жабдықтау толық қалпына келтірілді. Қоңырөзек ауылында апаттық-қалпына келтіру жұмыстары тәулік бойы жалғасуда. Жұмыстарға 25 адам мен 8 бірлік арнайы техника жұмылдырылған, — деп мәлімдеді аудан басшысы.

Аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның кезектен тыс отырысы өткізіліп, онда объектілік сипаттағы төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылданған. 

— Зардап шеккен тұрғындарға 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде материалдық көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, ауданның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері құрылыс материалдарын сатып алуға демеушілік көмек көрсетті, — деп қосты Нұрболат Мақашев.

Электр энергиясының уақытша өшірілуіне қарамастан, Қоңырөзекте ауызсумен жабдықтау мен ұялы байланыс үздіксіз жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, елді мекен көшелерін табиғи апат салдарынан тазарту жұмыстары жедел түрде жүргізілген.

Еске сала кетейік, 21 шілде күні Павлодар облысының Успен ауданында күшті жел салдарынан инфрақұрылым нысандары зақымданды.

Төтенше жағдай қызметі Павлодар өңірінде жойқын құйын қайталануы мүмкін екенін ескертіп отыр