Павлодарда әлеуметтік құрылыс бағдарламасы табысты жүзеге асырылуда
ПАВЛОДАР. Тамыздың 5-і. ҚазАқпарат /Вера Ливинцова/ - Павлодарда әлеуметтік құрылыс бағдарламасы табысты жүзеге асырылуда, деп хабарлады қала әкімі Бақытжан Жоламанов қалалық мәслихаттың сессиясында сөйлеген сөзінде.
Жылдың басындағы алты айда 139 отбасы жаңа пәтерлердің кілттерін алды, жылдың соңына дейін тағы 230 отбасы қоныс тойын тойламақ.
Усоль ықшамауданында екі коммуналдық, екі ипотекалық үйлер тұрғызылуда. Кесте бойынша әрқайсысы 420 орындық екі мектеп салынып жатыр, қыркүйек айында Кенжекөл ауылының жанынан балалар ауылы пайдалануға беріледі.
Облыс орталығында сондай-ақ, 210 орындық туберкулезге қарсы диспансер және екі заманауи емхана салынуда. Қаңтар айында қалада қалпына келтірілген алты балабақша жұмысқа кірісті, жылдың соңына дейін тағы екі балабақша ашылмақ.