Павлодарда әлеуметтік маңызды нысандардың құрылысына 41 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген

құрылыс
Фото: Ақмола облысының әкімдігі

ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Павлодарда әлеуметтік саладағы маңызды нысандардың құрылысына 41 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Бұл қаражатқа жаңа емдеу мекемелері, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері және мәдениет үйлері салынады.

Өңірлік құрылыс басқармасының хабарлауынша, биылғы жаздың соңына таман Шарбақты, Май, Ертіс, Аққулы аудандарының ауылдарында жаңадан 9 медициналық пункт және Екібастұздың ауылдық аймағында бір фельдшерлік-акушерлік пункт ашылады. Бұл жобалар «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының аясында жүзеге асып отыр, оған 1,5 млрд теңге бөлінген.

Бұған қоса Павлодардағы №1 аурухананы реконструкциялау жұмыстары жалғасуда. Мұнда алдағы уақытта жеті қабатты блок пен жаңадан алты ота жасау блогы пайдалануға беріледі. Емдеу мекемесіне жалпы сомасы 3 млрд теңгенің медициналық құрал-жабдықтары сатып алынған.

Ал «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша облыс орталығында жаңадан екі мектептің құрылысы жүріп жатса, №34 мектепке қосымша құрылыс салынуда. Сондай-ақ биыл ауылдарда 16 спорттық нысан, Шарбақты ауданында ұлттық ат спорттарына арналған стадион, Ақсу қаласында мұз сарайы салынып болуы керек.

Еске сала кетейік, былтыр еліміздегі құрылыс жұмыстарының көлемі 15,1%-ға ұлғайған.

 

Соңғы жаңалықтар