Павлодарда әлеуметтік мекемелер орталық жылу көзіне қосыла бастады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Облыс орталығында 300-ге жуық әлеуметтік мекеме орналасқан. Қала әкімдігі оларды кезек-кезегімен жылу көзіне қосуды бастап кетті.
Павлодар қаласының әкімдігі қаулы шығарып, 10 қыркүйектен бастап шаһарда жылыту маусымы басталғанын жариялады.
— Бүгінгі күннен бастап ауруханалар, мектептер, балабақшалар сияқты әлеуметтік мекемелерге жылу беріледі. Көппәтерлі тұрғын үйлерді жылыту жүйесіне қосу кейінірек жүзеге асырылады. Ережеге сәйкес, тұрғын үй қорына жылу беру үшін сыртқы ауаның тәуліктік орташа температурасы үш күн қатарынан +10 °C немесе одан төмен болуы қажет, — деп хабарлады қалалық әкімдіктен.
Бұған дейін Павлодарда жарты ғасыр ауыспаған жылу магистралі жаңарып жатқаны туралы жазғанбыз.
Ал Екібастұздағы жылу орталығы дайындық паспортын алуға өтінім берді.