Павлодарда алғашқы электрод зауыты іске қосылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодарда қуаттылығы тәулігіне екі тонна электордты дәнекерлеуге мүмкіндік беретін жаңа өнеркәсіп жылдың соңына дейін 40 тонна өнім шығаруды жоспарлап отыр.

Павлодарда алғашқы электрод зауыты іске қосылды

Облыстағы бірегей зауыттың жұмысымен Болат Бақауов танысып қайтты, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.   Өңір басшысына электрод өндіру үрдісі мен мәскеулік «Ротэкс» компаниясы орнатқан жаңа құрылғылар көрсетілді.  Жобаның жалпы құны 40 миллион теңгені құрайтын кәсіпорында 30 жаңа жұмыс орны ашылды.  - Ең бастысы, өндірісте сапалы өнім шығарылуы керек. Ал, тауарды өткізуге көмектесуге дайынбыз, - деді Болат Бақауов.  «Павлодар электрод зауыты» ЖШС-нің басшысы Айдар Машраповтың айтуынша,  бүгінде өнім Қазақстан мен Ресейде сараптамадан өткен. Зауыттың өнімін Қазақстандағы энергетика,  тау-кен, мұнай-газ кешендерінің кәсіпорындары, машина жасау, металлургия, құрылыс саласымен байланысты өндірістер пайдалана алады.  Қазіргі уақытта «Промтехстрой» ЖШС, «Имсталькон» ЖШС, «ПРЭК» АҚ, «САЭМ ЗМК» ЖШС сынды мекемелермен келісім жүргізіліп жатыр. Айта кету керек, зауытта электродты шығарудан басқа, сұйық шыны өндіру қолға алынған.