Павлодарда аралас мектептердің үлесі азаймай отыр

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Жаңа оқу жылында өңірдегі 362 жалпы білім беретін мектепте 116 мыңнан астам оқушы білім алады деп жоспарланып отыр. Осыншама оқушының 52 мыңнан астамы, яғни шамамен 45 пайызы ғана оқуды мемлекеттік тілде жалғастырады.

с
Фото: Оқу-ағарту министрлігі

Облыста мектептердің оқыту құрылымы географиялық тұрғыдан біркелкі емес. Басым бөлігін аралас білім беру мекемелері (175 мектеп) құрап отыр. Таза қазақ тілінде оқытатын мектептер саны 139 болса, орыс тілінде білім беретін 48 мектеп жұмысын жалғастырып отыр. Әсіресе үш қалада аралас мектептердің үлесі жоғары.

Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, Павлодар қаласындағы 59 мектептің тек 17-сі таза қазақ мектебі. Мұнда оқушылардың 33,2 пайызы ғана (шамамен 17 мың бала) қазақ тілінде оқиды. Аймақтың солтүстік және шекаралық аудандарында да орыс және аралас мектептер басымдыққа ие екені байқалады.

Ресми статистикаға сүйенсек, Успен ауданында – 2, Тереңкөлде – 5, Железин мен Шарбақтыда 6 қазақ мектебі ғана жұмыс істейді. Мысалы, Успен ауданындағы 1824 оқушының 960-ы орыс мектептерінде оқыса, аралас мектептердегі балалардың 434-і орыс сыныптарында білім алып жатыр. Осыған ұқсас жағдай Железин мен Шарбақты аудандарына да тән.

Дейтұрғанмен мамандар Ертіс-Баян өңірінде қазақ тілді сыныпты таңдайтын жас ұрпақтың қатары жыл өткен сайын көбейіп келе жатқанын алға тартады. Биыл бірінші сыныпқа қабылданған оқушылардың 52 пайызы қазақ сыныптарының партасына жайғасқан. Өзге ұлттың 10 баласы қазақ сыныптарын таңдаған.

Еске сала кетейік, Павлодарда 10 шағын жинақты мектепке ЖИ жүйесі енгізіледі.