Павлодарда асыл тұқымды шаруашылықтар алған субсидияның қайтарымы бар ма

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Ертіс бойының фермерлері асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытқаны үшін мемлекеттен былтыр 7,2 млрд, биыл 7,7 млрд теңге субсидия алған. 

Павлодарда асыл тұқымды шаруашылықтар алған субсидияның қайтарымы бар ма
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Өңір халқы миллиардтаған қаражаттың қайтарымын қаншалықты сезіне алып отыр?

Асыл тұқымды ірі қараның тек ұрғашыларын өсірумен айналысатын 168-ден астам шаруашылық бар. Олардың қолында 74 мыңнан астам бас мал бар. Ет бағытындағы асыл тұқымды ірі қара малдан қазақтың ақбас тұқымы, герефорд, абердин-ангус, әулиекөл тұқымдарын, ал сүт бағытындағылардан симментал, голштин, қызыл дала тұқымдары кең таралған.

Павлодарда асыл тұқымды шаруашылықтар алған субсидияның қайтарымы бар ма
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

2025 жылы Еуропадан және Ресейден сүт бағытындағы 812 бас голштино-фриз тұқымды ірі қара әкелінген. Атап айтқанда, «Агро-Даму» ЖШС Германиядан 98 бас, «Үштерек және К» ЖШС Ресейден 129 бас, «Кронос Павлодар» ЖШС 420 бас, ал «Андас Агро» ЖШС Даниядан 165 бас (соңғы екеуі Даниядан) жеткізген.

— Мал шаруашылығын субсидиялау қағидасына сәйкес, ТМД елдерінен сатып алынған сүтті және сүтті-етті бағыттағы асыл тұқымды ірі қараның әр ұрғашысын сатып алғаны үшін 225 мың теңге, Еуропа елдерінен жеткізілгендерге 400 мың теңге субсидия қарастырылған, — дейді өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлеген Көшербаев.

Қазіргі уақытта аймақта Зеңгі бабаның 471,6 мың тұқымы бар. Оның ішінде 417,6 мыңы — сүт бағытында. Ірі қараны импорттау арқасында жануарлардың өнімділігі де артып келеді. 2025 жыл соңында ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында бір сауынды сиырдан алынатын орташа сүт өнімі 5 413 кг-нан 5 869 кг-ға дейін өскені байқалған. Жыл басынан 220,5 мың тонна сүт өндіріліп, бұл өткен жылмен салыстырғанда 8,4%-ға артқан.

Павлодарда асыл тұқымды шаруашылықтар алған субсидияның қайтарымы бар ма
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

— 2024 жылы мал шаруашылығын субсидиялау үшін шаруа қожалықтарына 7,2 млрд теңге субсидия берілді (оның ішінде асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту үшін 3,3 млрд теңге), ал биыл 7,7 млрд теңге (асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту үшін 2,7 млрд теңге) төленді. Тауарлық сүт фермасын салу бойынша құны 10 млрд теңгеге 2 жоба іске қосылды. Тағы біреуінің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады, — деп қосты басқарма өкілі.

Мамандар асыл тұқымды шаруашылықтар ет бойынша жоспарды артығымен орындап отырғанын айтады. Жыл сайын шамамен 26 мың тонна жуық ет өндіріледі. Ал өңір тұрғындарының жылдық сұранысы — 15,1 мың тонна. Облыс халқының тұтыну қажеттілігі 172%-ға орындалып отыр деген сөз.

Тек тапсырылатын сүт бойынша облыс экономикасы әлі де жобалық қуаттарды қажетсінеді. Қазіргі уақытта жергілікті зауыттарға тапсырылатын сүттің 72%-ын ғана тауарлы сүт фермалары қамтамасыз етіп отыр. 

Айта кетелік Павлодар шаруалары рекордтық 1,1 млн тонна астық жинаған еді

Соңғы жаңалықтар