Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Павлодарда атақты әнші, актер Кәукен Кенжетаевтың Аққу домбырасы сақталып тұр

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Қазақ киносының атасы Шәкен Аймановтың туған інісі — Кәукен Кенжетаевтың ән айту мәнері ешкімге ұқсамас өзіндік бояумен өрнектелген. Өнер иесі өз дауысына лайық аққу мойын домбыраны тапсырыспен жасатқан көрінеді.

Павлодарда атақты әнші, актер Кәукен Кенжетаевтың Аққу домбырасы сақталып тұр
Фото: Бұқар жырау музейі

Павлодар облыстық Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде Ертіс-Баян өңірінен шыққан өнер тарландарының бірегей заттары сынын бұзбаған күйінде сақталып тұр. Соның бірі — биыл туғанына 110 жыл толып отырған Қазақ КСР халық әртісі Кәукен Кенжетаевтың (шын есімі Әбдірахым) аққу пішінді домбырасы.

Кәукен Кенжетаев ел есінде әншілігімен қоса, актер, режиссер, драматург ретінде қалды. Елуден астам ән, романс, ариялардың мазмұнын өзге тілден ана тілімізге аударған.

Театр өнерінен бөлек, кино саласында да жарқырады. «Жерге қайтып оралуда» — режиссер, «Біздің сүйікті дәрігерде» — әнші, «Ел басына күн туса» фильмінде — Бауыржан Момышұлы, «Ән қанатында» — Нұртаза, «Тұлпардың ізінде» — Танабай, «Таудағы шынарда» — Жапас, «Қызыл тас заставасында» — қарт, «Қыз Жібекте» — Базарбай, «Боранды бекетте» — Қазанғап, «Гауһартаста» — қарт әке образдарын сомдады.

Театр мен кино және әдебиет саласында қол жеткізген табыстары үшін Ш. Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты атанған.

Кәукен Кенжетаев негізінен шын мәнінде қазақтың сол замандағы кәсіби опера әншілерінің бірі болғаны белгілі. Курганискийдің алғашқы шәкірттерінің бірі, дауысы — бас баритон. Домбырамен ән шырқағанда ел-жұртты тамсандырып, әншінің ерекше даусы көпті баурап алған.

домбыра
Фото: Бұқар жырау музейі

Аққу домбыра ұзақ жылдар өнер иесінің серігі болып, көптеген концерттерде қолынан тастамаған. 2008 жылы дүниеден өткен соң Бұқар жырау музейінің қызметкерлері Алматыға арнайы барып, әйгілі жерлесіміздің ұрпақтарынан аттай қалап алып келіпті.

домбыра
Фото: Бұқар жырау музейі

Қоңыр үнді домбыраның мойны аққудың мойнына, ал шанағы аққудың қос қанатына ұқсас етіп жасалған. Көне зат жергілікті музейдегі құнды жәдігерлер қатарынан орын алған.

Еске салайық, Павлодарда Әміре Қашаубаевтың дауысы жазылған күйтабақ сақталып тұр.