Павлодарда ауыл тұрғындары пайдаланып отырған понтонды көпір өзенге батып кетті

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Ақсу қаласының Көктас ауылы маңында Белая өзені арқылы өтетін понтонды көпір суға батып кетті. Жергілікті билік өзеннен адамдар мен техникалардың өтуі үшін уақытша паром қатынасын ұйымдастырады.

Көпір
Фото: Видеодан алынған кадр

Бұл туралы Ақсу қаласының әкімі Нұрлан Дүйсембинов хабарлады.

– Көктас ауылы маңында, Белая өзенінен өтетін понтонды көпірі суға батып кетті. Алғашқы кезекте шаруа қожалықтары мен кәсіпорындардан техникалар тарту арқылы оны шығарып алу және жөндеу жоспарланып отыр, – деді шаһар басшысы.

Сондай-ақ ол адамдар мен техникалардың қарама-қарсы жағалауға өтуі үшін паромдық өткелдер ұйымдастырылатынын жеткізді. 

Ауыл адамдары аталған көпірді пайдаланып шөп шабу және тасу жұмыстарын жүргізеді. Жаңа понтон көпірін салу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге жергілікті бюджеттен қаражат бөлінді.

Соңғы жаңалықтар