Павлодарда азық-түлік бағасы бір айда қалай өзгерді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар облысында тамыз айында бірқатар көкөніс бағасы айтарлықтай төмендеді. Атап айтқанда, сәбіз 40%-ға, картоп 24,4%-ға арзандаған.
Ұлттық статистика бюросы Павлодар облысы бойынша департаментінің мәліметтеріне сүйенсек, тамыз айында қырыққабаттың бағасы 15,7%-ға, пияз 7,8%-ға, алма 2,2%-ға төмендеген.
— Сондай-ақ сәбіз 40%-ға, картоп 24,4%-ға арзандағаны байқалды. Қызанақ пен қияр бағасы керісінше бір айда шамамен 5%-ға өскен. Азық-түлік тауарларының жекелеген түрлері бойынша да баға өсімі тіркелді. Жұмыртқа 6,1%-ға, макарон өнімдері 1,9%-ға, ет 1,3%-ға, жарма және дәнді дақылдардан жасалған өнімдер 1,1%-ға қымбаттаған. Алмұрттың бағасы 2,7%-ға өскен, — деп хабарлады департаменттен.
Жалпы азық-түлік тауарлары тобында жұмыртқа, макарон өнімдері, ет, жарма және дәнді дақылдардан жасалған өнімдер бағасының өсуі тіркелген.
Бұдан бөлек, тамыз айында алкогольді ішімдіктер мен темекі өнімдерінің бағасы 1,8%-ға өскен. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар арасында жиһаз және үй шаруашылығына қажетті заттар 2,8%-ға, тұрмыстық құралдар 1,1%-ға, фармацевтикалық өнімдер 0,3%-ға қымбаттаған. Қызмет көрсету саласында жолаушылар көлігі қызметтерінің бағасы 1,8%-ға, электр энергиясы 1,2%-ға өскен.
Бұған дейін әлеуметтік азық-түлік бағасы қай қалаларда арзандағанын жазғанбыз.