Павлодарда балабақша директоры мен бухгалтері қазынадан 62 млн теңге жымқырған
Павлодар облысы Аққулы ауданындағы «Қызғалдақ» балабақшасының директоры мен бухгалтері мекемедегі жалақы мен үстемеақыларды заңсыз есептеу жолымен 62 млн теңгеден астам бюджет қаражатын қолды қылған, деп хабарлайды Kazinform.
2016-2023 жылдар кезеңінде балабақша директоры Қ.Қ. мен бухгалтер К. Г. қызметкерлердің еңбекақысына қосымша жалақы мен үстемақыны заңсыз белгілеп, ай сайын ол қаражатты өздері иемденіп отырған. Сот отырысында айыпталушылардың қылмысы куәгерлердің айғақтарымен, сот сараптамаларының қорытындыларымен және басқа да дәлелдемелермен дәлелденді. Осылайша екеуі мемлекет қазынасынан 62 млн теңгеден астам қаражатты ұрлаған.
Бұл заңсыз әрекет ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстарға жатады, ол үшін қылмыстық заңда 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.
Аудандық соттың баспасөз қызметінен хабарланғандай, сот Қ.Қ.-ның зейнеткерлік жасын ескере отырып 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Бұған қоса мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айрылды. Ал сот бухгалтерді 8 жылға кесті. Дейтұрғанмен оның соттағы шын ниетпен өкінуін, мүліктік залалдың ерікті түрде ішінара өтегенін, асырауында кәмелетке толмаған төрт баланың, оның екеуі жас бала екенін ескере отырып, Қылмыстық кодекстің 74-бабының 1-бөлігі негізінде жазасын өтеуді кейінге қалдырды. Бухгалтерлік қызметпен алдағы 10 жыл ішінде айналыса алмайды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.