21:08, 01 Маусым 2015 | GMT +5
Павлодарда Балаларды қорғау күніне орай егіздер шоуы ұйымдастырылды (ФОТО)
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - М.Катаев атындағы Оқушылар сарайының алдындағы алаң таңертеңнен балаларға лық толды. Мереке үздік шығармашылық вокалдық, хореографиялық ұжымның концертінен басталды. Содан кейін егіздер шоу-шеруі өтті. Биыл оған бір-бірінен айнымайтын 26 жұп қатысты.

Алаң бөлігіне суреттер салынып, көлік жарысы өтті. Ұл балалар асық ойнады. Түс ауа Ертіс жағалауында мереке жалғасын тапты. Көрермендер балалар шығармашылық ұжымының қатысуымен театрландырылған қойылымды тамашалады. Балалар спорт ойындарына қатысып, ертегі кейіпкерлерімен, қуыршақтармен ойындар ойнады. Орталық мәдениет және демалыс саябағында да өте көңілді болды. Балалар аттракциондар теуіп, концерт тамашалады, кешке дейін үрмелі оркестр өнер көрсетті. Сөйтіп, бүлдіршіндер бүгін қаланың мерекелік алаңдарын аралауға мүмкіндік алды: автобустарда олар мерекеге орай тегін жүрді.