Павлодарда бәсекелестік заңын бұзған кондитерлік компания ірі көлемде айыппұл арқалады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — «KDV Қазақстан» ЖШС бәсекелестік туралы заңнама талаптарын өрескел бұзған. Өнімді өз контрагенттеріне әркелкі бағамен сатқан.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті «KDV Қазақстан» ЖШС-не (брендтері: Яшкино, O’3era және т. б.) қатысты тергеп-тексеруді аяқтады.
— Тексеру барысында департамент мамандары компанияның әртүрлі контрагенттерге бірдей тауарға түрлі шарттар мен әркелкі бағалар қолданғанын анықтады. Компания бір кәсіпкерге жеңілдіктер мен арнайы шарттар ұсынса, екінші кәсіпкерге дәл сол өнімді мұндай ешбір жеңілдіксіз сатқан. Бұл — доминант субъектілер үшін заңмен қатаң тыйым салынатын әрекет, өйткені олар нарықтағы барлық субъектіге тең жағдай ұсынуға міндетті. Іс материалдары белгіленген тәртіпте қарау үшін сотқа жолданды, — деп хабарлады департаменттен.
Атап өтерлігі, тексеру кәсіпорынның өңірде орналасқан өндірістік цехында жүргізілген. Мамандар компания ұсынған келісімшарттарды зерделеп, келісімдер жасасу кезінде шарттардың біркелкі сақталмағанын дәлелдейтін фактілерді анықтаған. Бұл департамент жүргізген мұндай сипаттағы алғашқы нәтижелі тексерулердің бірі болған.
Сот шешімімен «KDV Қазақстан» ЖШС әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 24 млн теңге мөлшерінде айыппұл салынды
Еске сала кетейік, қазақстандық банкке бәсекелестік заңын бұзды деген айып тағылды.