Павлодарда биыл 109 мыңнан астам оқушы жазғы демалысын тиімді өткізе алады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Биыл 1-10 сыныптардың 109 мыңнан астам оқушысы жазғы демалыспен және жұмыс нысандарымен қамтылады. Бұл — барлық оқушы санының — 98,5%-ы.

Облыста 38 мыңнан астам бала демалатын 334 мектеп жанындағы лагерь, сондай-ақ, 52 мыңнан астам оқушыны қабылдайтын мектептер мен қосымша білім беру мекемелерінің базасында 382 бейіндік лагерь ашу жоспарланған.
— Әлеуметтік осал санаттағы балаларды қолдауға ерекше назар аударылады. Жалпыға бірдей білім беру қоры есебінен 13 мыңнан астам бала және балалар үйінің 334 тәрбиеленушісі демалыспен қамтамасыз етіледі. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар 200 бала үшін арнайы лагерьлер ұйымдастырылады, оның ішінде 4 лагерь арнайы мектептер базасында құрылады. Өңірдің бизнес-қауымдастығы да үлес қосып отыр: «Жолдама сыйла» акциясы аясында 291 жолдама сатып алынды, сертификаттар Халықаралық балаларды қорғау күні табысталады. Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қоры «Жаздық жолдама — 2025» жобасы бойынша лагерьлерге 595 ауылдық оқушы, яғни, оқу озаттары мен конкурстардың жеңімпаздарын жібереді, — деп хабарлады өңірлік әкімдіктің баспасөз қызметінен.
Жыл бойы жұмыс істейтін 2 лагерь — «Жас дәурен» және «Балдәурен» 1 600 баланы қабылдауға дайын. Тағы 9 маусымдық лагерь 3168 оқушыны қабылдауға әзірленген.
Нысандардың дайындығын тексеру 25 сәуірден санитарлық-эпидемиологиялық қызмет және төтенше жағдайлар басқармасы қызметкерлерінің қатысуымен басталды. Лагерьлердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға облыстық бюджеттен 52 млн теңге бөлінген
Мектептегі еңбек жасақтарына, абаттандыру және көгалдандыру бригадаларына, мектеп орманшылықтарына 2 200-ден астам жоғары сыныптың оқушылары тартылады.
Еске сала кетейік, елімізде 10 мыңнан астам лагерь мен 512 шатырлы кемпинг ашылады.