Павлодарда боранда мал іздеуге шыққан ер адам үсікке ұрынып, көз жұмды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 1980 жылғы ер адам Баянауыл ауданы Майқайын кенті аумағындағы «Алпыс» шаруа қожалығында малшы болып жұмыс істеген. Марқұм таңертең өлі күйінде табылды.
1980 жылы туған ер адам 10 наурыз күні күндіз жалғыз өзі мал іздеуге шыққан. Сол сәтте өңірде қатты боран басталған.
- Ер адам адасып кеткен. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, бүгін таңғы сағат 8-де оның денесін фермадан 2 шақырым қашықтықтан тапты, - деп хабарлады Павлодар облысының Төтенше жағдайлар департаментінен.
Еске сала кетейік, өткен тәулікте ауа райының қолайсыздығынан Павлодар облысында бірнеше жол-көлік оқиғасы тіркеліп, Баянауыл ауданы жарықсыз қалды.
Ал дауыл салдарынан Ақсу ферроқорытпа зауытында мұржаның бір бөлігі құлап түсті.