Павлодарда бір топ бүлдіршін балабақшада ұшынып, ауруханаға түскен
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Оқиғаға байланысты жергілікті санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тексеру жүргізіп жатыр. Алдын ала болжам бойынша, балалар тамақтан улануы мүмкін.
Павлодар облысы Шарбақты ауданындағы бөбектер бақшасының бір топ тәрбиеленушісі облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында ем қабылдағаны анықталды. Әлеуметтік желіде балалардың тамақтан улануы мүмкін екені айтылып жатыр.
— 2025 жылғы 7 қарашада «Балдәурен» бөбектер бақшасының үш тәрбиеленушісі Павлодар облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. Тағы төрт бала үй жағдайында бақылауда болды. Аталған дерек бойынша «Шарбақты аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы» РММ тексеру бастады. Балабақшадан сынамалар алынып, қажетті зертханалық зерттеулер жүргізілді. Ресми ақпарат тексеру нәтижелерінен кейін беріледі, — деп хабарлады өңірлік білім беру басқармасынан.
Облыстық балалар ауруханасының баспасөз қызметі үш баланың жұқпалы аурулар бөлімшесінде ем қабылдағанын растады. Бірақ диагноздары туралы ақпарат беруден бас тартты. Бүлдіршіндердің барлығы бүгінде жазылып, үйлеріне қайтарылған.
Бұған дейін Арқалықтағы жаппай уланудың себебі анықталғаны туралы жазғанбыз.