Павлодарда дөңгелегі жарылып, тұзды көлге түсіп кеткен көлік жүргізушісі құтқарылды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Екібастұз-Майқайың автожолында дөңгелек шинасы жарылуы салдарынан жеңіл көлік жол шетіндегі тұзды көлге түсіп кеткен.

Бұл туралы өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен хабарлады.
— Екібастұз-Майқайың автожолында 1985 жылы туған жүргізуші дөңгелек шинасының жарылуы салдарынан көлікті басқара алмай, жолдан Тұз көліне түсіп кеткен. Көлікте жалғыз болған ер адам салоннан көліктің төбесіне өз бетімен шыққан. Оқиғаға куә болған адамдар 112 нөміріне қоңырау шалып, болған жайтты хабарлады, — деп мәлімдеді департтаменттің баспасөз қызметінен.
Кәсіби құтқарушылар зардап шегушіні жағаға жеткізіп, жедел медициналық жәрдем бригадасына табыстаған. Сондай-ақ, көлік құралын да судан сүйреп алып шықты. Төтенше жағдай қызметінің мамандары көлік құралдарының техникалық жағдайын үнемі тексеріп отырудың маңызды екенін еске салады.
Еске сала кетейік, Павлодар-Астана жолында балалар мінген автобус аударылып, жаттықтырушы көз жұмды.