Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Павлодарда екі жағажайға қойылған шектеулер алынды

АСТАНА. KAZINFORM — Шаңдақсор мен Маралды көлдеріне кіру қайта тегін болды, деп хабарлайды Павлодар облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.

Шығыс Қазақстандағы жағажайлар шомылу маусымына қаншалықты дайын
Фото: Ботагөз Кенжеханқызы/Kazinform

Табиғат қорғау прокуратурасы азаматтардың өтініштері бойынша жағажайларды ұйымдастыру кезіндегі заңдылықтың жай-күйіне талдау жүргізді.

Екібастұз қаласының Солнечный кентіндегі Шаңдақсор көлінде және Шарбақты ауданындағы Маралды көлінде су заңнамасы талаптарын өрескел бұзу фактілері анықталды. Атап айтқанда, Су кодексінің 17-бабын бұза отырып, жағажайларды ұйымдастырушылар қоршауларды, күзет пункттерін және аумаққа кіру ақысын белгілеу арқылы халықтың жалпы пайдаланылатын су объектілеріне қолжетімділігін шектеді.

Жекелеген жағдайларда балалар жағажайы жабдығының және кезекші медицина қызметкерлері, қажетті құралдар мен дәрі-дәрмектер бар алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған үй-жайлардың болмауынан көрсетілген су қоймаларындағы қауіпсіздік қағидаларын бұзу фактілері анықталды.

Табиғат қорғау прокуратурасы анықталған фактілер бойынша уәкілетті органдарға қадағалау актілерін енгізді.

— Қадағалау шаралары бойынша Шаңдақсор және Маралды көлдерінің жағажайларының аумағына ақылы кіру жойылды, азаматтардың ортақ су пайдалану объектілеріне еркін қол жеткізу құқықтары қалпына келтірілді, қажетті құрал-жабдықтар қамтамасыз етілді, кінәлі тұлғалар әкімшілік және тәртіптік жазаға тартылды, — делінген хабарламада.

Бұған дейін Павлодарда 45 жағажайдың 7-уінде ғана балаларға арналған аймақтар жабдықталғанын жазған едік.