20:34, 18 Наурыз 2014 | GMT +5
Павлодарда екі ай бұрын мәйіті табылған ер адамның кім екені анықталмай отыр
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодарлық полиция қызметкерлері екі ай бұрын мәйіті табылған азаматтың кім екенін анықтау үшін халықтан көмек сұрайды.
Зорлық-зомбылықпен өлтірілген азаматтың мәйіті осы жылдың 8 қаңтарында екінші қалалық аурухананың аумағындағы кәріз құдығынан табылған болатын. Құқық қорғау органдары әлі күнге дейін марқұмның кім екенін анықтай алмай отыр. Енді олар халықтың көмегіне жүгінбек, деп хабарлайды ІІД баспасөз қызметінен. Полицейлер осы адамға және жасалған қылмысқа қатысты ақпарат берген адамға ақшалай сыйақы тағайындап, оның аты-жөнін құпия қалдыруға кепілдік береді. ІІД баспасөз қызметінің қызметкерлері марқұмның жалпы белгілерін былайша сипаттайды: жасы 30-40 жас шамасында, бойы 175-178 см, дене бітімі орташа, үстінде джинсы шолақ шалбары болған. Денесінде сол жақ жамбасында көлемі 2 см болатын тыртық бар.