Павлодарда экологиялық проблемалар қалай шешіліп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов өндіріс орындарының қоршаған ортаға залалын айта келе, мәселенің қалай шешіліп жатқанын айтып берді.

Павлодар қаласы
Фото: wikipedia.org

«Өнеркәсіптің өсуі өңірдегі экологиялық жағдайға қысым жасайтынын жақсы білеміз, сондықтан өңірді индустрияландыру серпінін сақтай отырып, шығарындыларды кезең-кезеңімен азайту міндетін қойдық. Бұны қалай іске асырудамыз? Барлық ірі кәсіпорында кешенді экологиялық шешімдерді енгізу, сондай-ақ салынып жатқан немесе салынуды жоспарлап отырған зауыттарда соңғы ecofriendly технологияларын қолдануды талап ету арқылы қол жеткізудеміз», - деді Асайын Байханов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Өңір басшысы ұсынған деректерге сүйенсек, құны 178 млрд теңге болатын кешенді экологиялық шешімдер ERG тобының 4 ірі кәсіпорнында енгізіліп жатыр. Бұл шығарындыларды 50 мың тоннаға немесе 57 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді.

Одан бөлек, 2025 жылдан 2027 жылға дейін Павлодар мұнай-химия зауытында, өңірдің үш жылу энергетикалық орталығында, Екібастұз ГРЭС-1 және ГРЭС-2-де кешенді экологиялық шешімдер қолданылады.

«Қоршаған ортаны қорғаудағы маңызды бағыттардың бірі - коммуналдық қалдықтарды басқару жұмысы. Бұл бағытта пластик, металл, қағаз және шыны шығаратын «Алғашқы заманауи қоқыс сұрыптау кешені» құрылысы көмектеседі. Бүгінде жоба инвесторы барлық қажетті жұмысты жүргізді, яғни жобалау-сметалық құжаттама дайындалды. Сол сияқты «Жасыл Даму» операторынан оң сараптама алынды, қаржыландыру бойынша «Бәйтерек» холдингі оны алдын ала мақұлдады. Зауыт құрылысының басталуы 2025 жылы сәуірге көзделген, жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланып отыр», - дейді А. Байханов брифинг барысында.

Осыған дейін 2025 жылы Павлодар облысында «Ақылды қала» жобасы іске қосылатыны туралы хабарладық.

 

Соңғы жаңалықтар