Павлодарда экономикалық қылмыстар бойынша келтірілген залал 3,4 млрд теңге

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті соңғы екі жылда экономикалық құқық бұзушылықтарға қатысты 50 қылмыстық істі аяқтаған. 

деньги
Фото: pexels

Павлодар облысында жалған шот-фактураларға қарсы күрестің қорытындылары жария етілді. Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің хабарлауынша, 2025–2026 жылдар аралығында ведомство өкілдері қаржылық құқық бұзушылықтарға байланысты 50 қылмыстық істі аяқтады. Келтірілген жалпы шығын 3,4 млрд теңгені құрап, оның 1,7 млрд теңгесі өтелген.

— Экономикалық құқық бұзушылықтардың едәуір бөлігі — жалған шот-фактураларды жазу. ҚР Қылмыстық кодексінің 216-бабы бойынша Павлодар облысында 1,6 млрд теңге шығын келтірілген 7 іс аяқталды. Оның 900 млн теңгесі мүлік пен қаражатқа тыйым салу шаралары аясында өтелді. Жалған құжаттарды қолдану жосықсыз нарық қатысушыларына шынайы операцияларды жасыруға, салықтан жалтаруға және қаражатты көлеңкелі айналымға шығаруға мүмкіндік береді. Бұл бюджетке тікелей зиян келтіріп, әділ емес бәсекелестік тудырады, — деп мәлімдеді департаменттен.

Шот-фактураның артында нақты шаруашылық операциясы тұруы керек. Егер компания тауар сатып алса, қызмет немесе жұмыс алса, бұл тек шот-фактурамен ғана емес, жұмыстың нақты орындалуымен, қызметтің көрсетілуімен немесе тауардың жөнелтілуімен расталуы тиіс. Жалған құжат жоқ операцияны заңды кәсіпкерлік қызметке айналдыра алмайды.

Еске сала кетейік, Ақмолада екі басшы мал деректерін жалған енгізіп, 50 млн теңгеден астам субсидия алған