Павлодарда коммуналдық қызметті жаңғыртуға 13,6 млрд теңге жұмсалады

ПАВЛОДАР. KAZINFORM – 2026–2027 жылдары өңірдің үш қаласында оннан астам жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Олардың қатарында «Теплосервис-Ақсу» мен «Екібастұз жылу желілері» желілерін, сондай-ақ ауызсу сорғы стансаларын жаңарту бар.

Павлодарда энергетикалық және коммуналдық секторға 13,6 млрд теңге жұмсалады
Фото: Kazinform

Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту ұлттық жобасы аясында Павлодар облысында жөндеу жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларында 10-нан астам жоба көзделіп отыр.

– Үш қалада жалпы сомасы 13,6 млрд теңгеге жаңғырту жобалары жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Павлодарда – 5,8 млрд, Екібастұзда – 5,2 млрд, ал Ақсуға 2,6 млрд теңге қажет болады. «Теплосервис-Ақсу» МКК қаланың магистральдік және бөлініс желілерін кезең-кезеңімен жаңартса, «Екібастұз жылу желілері» ЖШС желілік инфрақұрылымды реконструкциялаумен айналысады. Ал Екібастұздағы «Горводоканал» МКК сорғы стансасын жөндейді, – деп хабарлады Павлодар облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасынан.

Жалпы, облыс орталығында жеті бірдей жобаны іске асыру көзделген.

Еске сала кетейік, БҚО-да ұлттық жоба аясында энергетикалық нысандар жаңғыртылып жатыр.