Павлодарда ер адам жедел жәрдем бригадасына пышақпен шабуылдаған

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Оқиға бүгін түстен кейін Павлодар қаласы Назарбаев даңғылындағы көпқабатты үйлердің бірінің ауласында болған. Ер адам өзіне көмек көрсетуге келген медицина қызметкерлеріне тап беріп, жедел жәрдем көлігінің ішін ойрандаған.

жедел жәрдем
Фото: Алматы әкімдігі

Павлодар облыстық жедел жәрдем стансасының мәліметінше, шақырту 10 маусым күні 15:00-ке таман түскен. Хабарласқан адам көшеде белгісіз ер адамның жатқанын жеткізген. Дәрігерлер бригадасы аталған орынға 9 минутта жеткенімен, көмекке мұқтаж ер адам тарапынан шабуылға тап болған.

— Медицина қызметкерлері ер адамға көмек көрсетпек болған кезде ол дөрекілік танытып, бригадаға пышақпен тап берген. Жүргізушіні жұдырықпен ұрып, кейін реанимобиль салонындағы медициналық препараттар толтырылған ампулаларды сындырып, көліктен медициналық қобдишаны лақтырып, ойран салған, — деп хабарлады жедел жәрдем стансасынан.

Оқиға орнына полиция қызметкерлері шақырылған. Зардап шеккен медицина қызметкерлері құқық қорғау органдарына тиісті арыз жазған.

Өңірлік полиция департаменті шабуылдаған ер адамның ұсталып, мамандандырылған емдеу мекемесіне жатқызылғанын хабарлады.

Полиция жедел жәрдем қызметкерлеріне қауіп төндіру немесе күш қолдану дерегі бойынша қылмыстық іс қозғаған.

Бұған дейін Екібастұзда емделушінің достары дәрігер мен медбикені соққыға жыққанын жазғанбыз.