Павлодарда Ертіс өзеніне батып кеткен ер адамды іздеу жұмыстары қайта жанданды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Құтқарушылар өзендегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты сәуір айының соңында іздеу шаралары уақытша тоқтатылғанын мәлімдеген еді.

2 сәуір күні түнде Ертіс өзенінде демалушылардың бірі жағаға байланған баржадан суға секіріп, кейін су бетіне шықпаған.
Алдын ала мәліметтер бойынша, бір топ азамат әлгі жерде балық аулап, ішімдік ішкен. Оқиға орнына төтенше жағдайлар департаментінің күштері жұмылдырылып, марқұмның денесі үш аптаға жуық ізделді. Кейін іздеу шаралары уақытша доғарылған.
Өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, қазіргі уақытта іздеу жұмыстары қайта жалғасқан. Іздеу шараларына құтқару қызметінің 5 қызметкері мен 2 жүзу құралы тартылған.
- Осы уақытқа дейін құтқарушылар 300 километрден астам өзен арнасын шолып шықты. Эхолот орнатылған жүзу құралы пайдаланылуда. Алынған сигналдар бойынша сүңгуірлер өзенге сүңгіп, ықтимал жерлерді тексеріп жатыр,-деп мәлімдеді департаменттен.
Еске сала кетейік, Ертіс өзенінде ер адам баржадан секіріп, суға батып кетті.
Кейін су деңгейінің көтерілуіне байланысты Ертіске батқан адамды іздеу уақытша тоқтатылды.