Павлодарда Ертіс өзенінің сол жағалауында эко-қалашық салынады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Жобалаушылар құрылыс өзеннің экожүйесіне нұқсан келтірмейді деп сендіріп отыр. Бұл жерде шағын демалыс үйлері мен аквапарк салынады.

Павлодар қаласы туристік әлеуетін күшейтуге күш салып жатыр. Ірі жобаның бірі - Ертіс өзенінің сол жағалауында салынатын эко-қалашық. Шаһардың өзі оң жағалауда орналасқандықтан эко-қалашыққа болашақта өзен үсті арқылы жетуге болады, сондай-ақ Атамекен кенті арқылы көлік жолы салынуы мүмкін.
Облыс әкімі Асайын Байхановтың айтуынша, қазіргі уақытта «KAZAKH INVEST «Ұлттық компаниясы» АҚ-ның қатысуымен инвестициялық келісім пысықталуда.
«Ең маңыздысы - жобаның экологиялық бөлігі. Қоқысты шығару, сумен жабдықтау және кәрізбен қамтамасыз ету мәселелерін пысықтау қажет», - деді өңір басшысы.
Pavlodarnews.kz сайтының хабарлауынша, жобаны жергілікті кәсіпкер Илья Мухортов жүзеге асырмақшы. Инвестор эко-қалашық Ертіс жайылмасының экожүйесіне ешқандай зиян келтірмейді деп отыр.
«Қазір көптеген заманауи, экологиялық тұрғыдан таза құрылыс материалдары бар. Мысалы, біз аумақта септик қоямыз, өзенге сарқынды су құйылмайды. Әрі бірде-бір ағаш зардап шекпейді. Экоқалашық шамамен 2,5 гектар жерді алады. Бұл аумақта «А-Frame» түріндегі 15 үй және ағаш подиумдардағы глэмпингтер орналастырылады. Әрқайсысына 4-12 адам сыяды. Жоба күрделі құрылыстан емес, тек модульдік конструкциялардан тұрады», дейді кәсіпкер.
Бұл жерде заманға сай жағажай жасалып, аквапарк салу ойда бар. Эко-қалашық қыста да қызмет көрсете алады.