Павлодарда есірткі заттарын өзі дайындап, сатып жүрген Ресей азаматы ұсталды

Бұл туралы бүгін Ішкі істер министрлігінде өткен дәстүрлі баспасөз мәслихаты барысында ведомствоның ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті.
Оның айтуынша, ақпан айының ортасында Павлодар облысының полициясына Ақсу қаласында Ресей Федерациясының азаматы есірткі заттарын дайындап, сатып жүргені туралы жедел ақпарат түскен. Осыған орай, облыстық Ішкі істер департаменті мен ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері арнайы және жедел-іздестіру іс-шараларын өткізген.
«Шара барысында Қазақстанға Ресейдің Тюмень облысынан келген әрі «крокодил» деп аталатын «дезоморфин» есірткі затын заңсыз дайындаумен айналысып жүрген Ресей Федерациясының 32 жастағы азаматы құрықталды. Ол бұрын сотты болған қала тұрғынының пәтерінде Ресейден әкелген рецепт бойынша есірткі затын дайындап, кейіннен күдікті сыбайластарымен бірге «Дезоморфин», сондай-ақ «Лямз», «героин-5» және «Винт» деп аталатын заттарды синтездеп сатумен айналысып келгені белгілі болды. Осындай сатып алу кезінде күдікті дайындаған есірткі затының төрт түрі алынды», - дейді Н. Ораз. Полиция қызметкерлері күдікті ресейлікті Ақсу қаласының орталық ауруханасы аумағында қолға түсіріп, одан тексеру барысында 2,2 грамм героин алынған.
Сонымен қатар, есірткі заттарын дайындауға, сатуға және қолдануға сыбайластық жасаған пәтер иесі де құрықталды. Пәтерді тексеру барысында есірткілерді синтездеуге арналған қолдан жасалған заттар (пластикалық шөлмектер, резеңке шлангтар, шұңғымалар және т.б.) сондай-ақ есірткі заттарын дайындауға қажетті химиялық реактивтер алынды. «Қазір осы іске қатысты сот-химиялық сараптама тағайындалды. Аталған пәтерде есірткіге тәуелді адамдар ұсталып, олар күдікті дайындаған есірткілерді пайдаланғандарын мойындаған. Осыған орай, есірткі заттарын дайындау, сату, сонымен қатар притон ұйымдастыру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды», - дейді Н. Ораз.