Павлодарда ет өңдейтін жаңа кәсіпорындар салынады

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Ертіс-Баян өңірінің аудандарында қайта өңдеу саласы кенжелеп тұр. Әсіресе, Баянауыл, Ертіс аудандарында ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеп, дайын тауар шығаратын кәсіпорындар өте аз.

мясо
Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

Өңдеу кәсіпорындарына сұранып тұрған өңірдің бірі — Баянауыл ауданы. Мұндағы металлургиялық, көмір өндірісі салаларын айтпағанның өзінде, мал өнімдерін қайта өңдеу секторы дамымай қалған. Ауданда шамамен 100 мыңға тарта қара мал, 100 мыңның үстінде қой-ешкі, 70 мыңдай жылқы бар.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың айтуынша, Баянауылда және Ертіс ауданында алдағы жылдары ет өңдеу кәсіпорындары салынады деп жоспарланған.

— Ет өңдеу комбинаттары аумақтардағы малдың санына қарай құрылатын болады. Мәселен, еліміздің оңтүстік өңірлері үшін күніне 100 малдың етін өңдейтін кәсіпорын орташа болып есептелсе, біздің аудандар үшін ол ең жоғары норма болып шығуы мүмкін. Алдағы жылдары қос ауданда инвестициялық құны 5,5 млрд теңге тұратын екі ет комбинатын саламыз деген жоспар тұр. Бұл жерде «ҚазАгроның» көмегіне сүйенеміз. Инфрақұрылымы жергілікті бюджет есебінен тартылады. Бұл кәсіпорындар аймақтың экономикасына елеулі табыс әкелуі тиіс, — деп хабарлады Kazinform тілшісіне өңір басшысы Асайын Байханов.

Еске сала кетейік, елімізде 5 жыл ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытуға 372 млрд теңге бағытталады.

Соңғы жаңалықтар