Павлодарда Еуропадан интернет арқылы есірткі саудалағандар ұсталды

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодарда Еуропадан интернет дүкені арқылы есірткі тасыды деген күдікпен екі адам қамауға алынды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті есірткіге қарсы күрес басқармасының басшысы, полиция подполковнигі Балғабай Қапаров мәлім етті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
None
None

«Басқарма қызметкерлері есірткі саудасымен айналысқан деген күдікпен топтың мүшелерін қолға түсірді. Олар Еуропадан синтетикалық есірткілерді тасыған. Ұсталғандар 20-30 жас аралығындағы екі азамат. Есірткіні күдіктілер сайттарға жарнама беру арқылы сатып отырған. Тінту барысында 2 келіден астам, құны 12 миллион теңгеге жуықтайтын LSD (есуастандырғыш зат), экстази, spice сияқты 1500 бір реттік мөлшердегі синтетикалық есірткі тәркіленді», - деді Балғабай Қапаров. 
null

Басқарма басшысының айтуынша, есірткіні күдіктілер Еуропадан пошта арқылы сәлемдеме ретінде әкеліп отырған.  Осы топ бір жылдан астам уақыт бақылауға алынып, тексерістік сатып алулар ұйымдастырылған. Олардың өздерінің интернет дүкендері бар. Сол арқылы сайттарға жарнама беріп отырған.

Қазіргі кезде ҚР ҚК-нің 297-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Аталған бап бойынша 15-20 жылға дейін бас бостандығынан айыру санкциясы қарастырылған. Күдіктілер Павлодар қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау оқшаулағышына қамауға алынды.

 Айта кетейік, жыл басынан бері өңірде есірткіге қатысты 75 қылмыс тіркеліп, 400 келіден астам есірткі түрлері тәркіленді. Сондай-ақ, 30 есірткі саудалау нүктесі анықталып, 32 адам ұсталған. 

Соңғы жаңалықтар