Павлодарда иісшіл иттердің көмегімен 129 қылмыс ашылды
АСТАНА. KAZINFORM — Қызметке қабылданатын әрбір ит арнайы талаптарға сәйкес іріктеледі.
Павлодар облысы полиция департаментінің кинологиялық қызметі қылмыстың алдын алу мен оны ашу бағытындағы жұмыста маңызды рөл атқарып келеді. Қызметтік иттер қару-жарақ пен есірткі заттарын анықтауда ғана емес, ауыр және күрделі қылмыстарды ашуда да тәртіп сақшыларының сенімді көмекшісіне айналған.
Павлодар облысы полиция департаменті кинологиялық қызмет орталығының бастығы Нияз Валиевтің айтуынша, бүгінде орталықта 16 қызметтік-іздестіру иті бар. Иттердің көмегімен 862-ден астам шақыртуға жедел ден қойылып, 129 қылмыс ашылған.
Қызметтік иттердің жоғары нәтижесінің артында кинолог мамандарының тынымсыз еңбегі жатыр. Иттер күн сайын арнайы дайындықтан өтіп, иесінің әрбір бұйрығына жедел әрекет етуге машықтанады. Жаттығулар бірнеше кезеңнен тұрады және олардың барысында қызметтік міндеттерді тиімді орындауға қажетті дағдылар қалыптастырылады. Әрбір ит белгілі бір бағыт бойынша мамандандырылып, арнайы кәсіби даярлықтан өтеді.
Өткен жылы қызметтік иттердің көмегімен заңсыз айналымға түсуі мүмкін екі келіге жуық есірткі заты тәркіленді.
— Әрбір полиция кинологының басты міндеті — қызметтік итті оқиға орындарында немесе жедел-іздестіру іс-шаралары кезінде қолдануға әрдайым дайын ұстау. Бұл салада кездейсоқ адамдар болмайды. Өйткені біздің жұмысымыздың негізінде жануарларға деген сүйіспеншілік жатыр. Еңбекқорлық, сабырлылық, бастамашылдық, жауапкершілік пен ұқыптылық — кинолог пен қызметтік иттің үйлесімді жұмыс істеуі үшін аса маңызды қасиеттер, — деді Нияз Валиев.
Кинологиялық қызмет орталығында қызметтік иттердің денсаулығы ветеринар мамандардың тұрақты бақылауында. Қызметке қабылданатын әрбір ит арнайы талаптарға сәйкес іріктеледі. Кинологтар өз серіктерін күн сайын жаттықтырып, алдымен жалпы дайындық курсынан өткізеді, кейін іздестіру қызметіне қажетті арнайы машықтарды меңгертеді.
Қазіргі уақытта Павлодар облысы полиция департаментінде қызметтік иттерді қылмыстарды анықтау мен ашу барысында тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Бұл мақсатта олардың кәсіби даярлығын жетілдіруге және кинологиялық қызметтің әлеуетін арттыруға барлық қажетті жағдай жасалуда.
Айта кетелік Қазақстан ауған кинологтерін оқытуға және қызметтік иттер беруге дайын екенін жазған едік.