Павлодарда кәсіпорыннан 25 млн теңге ұрлаған адам ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM – Павлодарда кәсіпорыннан шамамен 25 млн теңге ұрлаған күдікті ұсталды, — деп жазды Polisia.kz.
Полицияға Павлодар қаласындағы ЖШС бірінен ақша ұрланғаны туралы хабарлама келіп түсті. Келтірілген шығын көлемі шамамен 25 млн теңге болды. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде жедел уәкілдер кәсіпорынның күзетшісі болған күдіктіні анықтады.
Полицейлер бау-бақша серіктестіктерінің біріндегі саяжай учаскесінде тінту жүргізу барысында 24 млн теңге көлеміндегі ақша қаражатын тапты. Ақша алма ағашының түбіндегі кастрөлдің ішіне жасырылған.
- Күдікті ұсталып, Павлодар қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тәркіленген ақша қаражаты қылмыстық іс материалдарына заттай дәлелдеме ретінде тіркелді, — дейді Павлодар қаласы ПБ полиция басқармасының бастығы Балғабай Қапаров.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталады.
Павлодарда үйге терезе арқылы кіріп, ақша ұрлаған күдікті ұсталғанын жазған едік.