Павлодарда қазақ театрлары арасында республикалық фестиваль өтеді

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Биыл күзде «Ертіс-Баян» ІІ республикалық театрлар фестивалі ұйымдастырылады деп күтіліп отыр.

а
Фото: Аймауытов театры

Ұйымдастырушы - Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрынан хабарлағандай, еліміздегі үздік театрлар арасындағы өнер байқауы қазақ театр өнерінің көрнекті өкілі, режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерсайын Тәпеновтің туғанына 80 жыл толуына орай өткізілмекші.

- Байқау мақсаты - Ертіс-Баян өңірінің театр кеңістігін жаңа мазмұнмен толықтыру және отандық театрлар арасындағы кәсіби байланысты нығайту. Театр өнерінің үздік жұмыстарын анықтау, заманауи үрдістерді таныстыру және шығармашылық тәжірибе алмасуға жағдай жасау, - деп қосты театрдан.

Марапаттау номинациялары келесідей:

- Бас жүлде;

- Павлодар облысы әкімінің арнайы жүлдесі;

- «Үздік ансамбль»;

- «Үздік режиссура» (Ерсайын Тәпенов атындағы жүлде);

- «Үздік ер адам бейнесі»;

- «Үздік әйел адам бейнесі»;

- «Екінші пландағы ер адам бейнесі»;

- «Екінші пландағы әйел адам бейнесі»;

- «Үздік сценография».

Фестиваль 2026 жылдың 25-30 қыркүйек аралығында өткізіледі.

Мемлекет басшысы жыл басында қай өңірлерде театр салынатынын айтқан болатын.