Павлодарда Қазақстан қоғамына қандастарымыздың қосқан үлесі талқыланбақ
АЛМАТЫ. 6 маусым. ҚазАқпарат - Павлодарда 8 маусым күні «Достық» үйінде «Қазақстан қоғамының дамуына қандастарымыздың қосқан үлесі» деп аталатын конференция өтеді.
Оны Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Павлодар облысының әкімшілігімен бірлесіп ұйымдастыруда. Ол 1992 жылы Қазақстан Республикасының Президенті бастамасымен құрылған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының 20 жылдығына орайластырылып отыр. Конференцияның мақсаты - Қазақстанның Тәуелсіздігі жылдарында этникалық қазақтардың қоныс аударуы бойынша жинақталған тәжірибені саралау.
Онда мемлекеттік көші-қон саясатының кәсіби деңгейде жүзеге асырылуына іс жүзінде ықпал еткен және шетелдегі этникалық қазақтардың тарихи отанына орналасуына жәрдем көрсеткен мемлекеттік қызметкерлер мен оралмандардың «Асар» республикалық қоғамдық бірлестігінің белсенділерін марапатталау жоспарланып отыр. Бұл шара кезінде сондай-ақ, Павлодар облысының үлгісінде оралмандардың қоныс аударуы мен орналасуын баяндайтын «Құтты қоныс» деректі фильмі көрсетілмек.