2026 жылғы 25 қыркүйек – Қазақстан Республикасындағы Жалпыұлттық аза тұту күні

Павлодарда қазан айынан бастап электр энергиясы мен ауызсудың тарифтері өзгереді

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодарда қазан айынан электр энергиясының тарифі біршама өсіп, ал ауызсумен жабдықтау қызметі керісінше арзандайды.

Тарифы на коммунальные услуги будут повышаться поэтапно до 2029 года — Миннацэкономики РК
Фото: Kazinform

Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Павлодар облыстық департаментінің басшысы Нұрлан Нұрмұратовтың айтуынша, жеке тұрғындар үшін электр энергиясының тарифі қосылған құн салығын есептемегенде 1 кВт/сағ үшін 1 теңгеге немесе 5 пайызға өседі. Бұл өзгеріс «Павлодарэнерго» акционерлік қоғамы үшін электр энергиясын сатып алу құнының қымбаттауына байланысты енгізіледі.

- Егер алдағы уақытта электр энергиясын сатушы немесе тасымалдаушы компаниялар бағаны көтермесе, бұл тариф 2027 жылғы қыркүйекке дейін қолданылады, – деп түсіндірді департамент басшысы. 

Сонымен қатар, Павлодарда ауыз судың тарифі төмендейді. 1 қазаннан бастап жеке тұрғындар үшін бір текше метр судың құны 97 теңгеден 92 теңгеге дейін (ҚҚС-сыз) кемиді.

Департаменттің мәліметінше, «Павлодар-Водоканал» ЖШС инвестициялық бағдарлама аясында алған міндеттемелерін толық орындамаған. Осыған байланысты кәсіпорынға өтемдік тариф енгізілген.

- Бұл тариф келесі жылдың қыркүйегіне дейін қолданылады. Себебі уақытша өтемдік тариф 12 ай мерзімге енгізіледі. Бұдан бөлек, халық үшін су бұру тарифі 1 теңгеге төмендейді, - деп қосты департамент басшысы. 

Ал жылу тарифі 2026 жылдың соңына дейін өзгермейді. Оның құны 1 Гкал үшін 4078 теңге (ҚҚС-сыз) деңгейінде сақталады.

Бұған дейін Атырауда электр энергиясы мен жылу тарифі өзгеруі мүмкін екенін жазғанбыз.