Павлодарда кейбір азық-түлік пен көкөністердің бағасы бір айда қалай өзгерді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар облысында бір ай ішінде орамжапырақ, пияз, алмұрт сияқты өнімдердің бағасы айтарлықтай өскен. Дейтұрғанмен, бірқатар көкөніс түрлерінің бағасы едәуір төмендегені байқалды.
Ұлттық статистика бюросының Павлодар облысы бойынша департаментінің ақпараты бойынша, өткен айда бірнеше тауар түрінің бағасы өскен. Атап айтқанда, қант — 12,8%-ға, майлар мен тоңмайлар — 1,3%-ға, жармалар мен дәнді дақылдар өнімдері — 1,2%-ға, балық пен теңіз өнімдері — 0,8%-ға, жұмыртқа — 0,6%-ға қымбаттаған.
— Жеміс-жидектер мен көкөністерден орамжапырақ — 13%-ға, пияз — 9,1%-ға, алмұрт — 8,1%-ға қымбаттады, ал бұл ретте қияр — 29,7%-ға, картоп — 15,8%-ға, қызанақ — 6,7%-ға, сәбіз — 4%-ға арзандады, — деп хабарлады Ұлттық статистика бюросының Павлодар облысы бойынша департаментінен.
Бұған қоса алкогольсіз сусындар бағасы — 1%-ға, фармацевтикалық өнімдер — 7,5%, жанар-жағармай материалдары — 1,7%, тұрмыстық құралдар — 0,8%, жуғыш және тазалағыш құралдар — 0,6%, шаштараз бен сұлулық салондарының қызметтері— 2,7%-ға өскен.
Бұған дейін СҚО-да бір жылда азық-түлік бағасы қалай өзгергенін жазғанбыз.