Павлодарда қыркүйектің ортасында ауа температурасы 25 градусқа дейін көтеріледі
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Ертіс-Баян өңірінде қыркүйектің алғашқы күндері ауа температурасы күрт төмендеп, жазғы ыстықты күздің салқын ауа райы алмастырды. Түнгі ауа температурасы +3…+5 градусты көрсетіп тұр.
«Қазгидромет» РМК облыстық филиалының мәліметінше, қыркүйектің алғашқы онкүндігінде күндіз ауа температурасы +12…+17 градус аралығында болады. Түнде температура +6 градусқа дейін төмендеп, топырақ бетінде +2 градусқа дейін үсік жүруі ықтимал.
Мамандардың болжамынша, айдың екінші онкүндігі қыркүйектегі ең жылы кезең болады. Бұл уақытта түнгі ауа температурасы +10…+15, күндіз +20…+25 градусқа дейін көтеріледі.
- Айдың соңғы онкүндігінде температура қайтадан төмендей бастайды. Түнде негізгі температура 0…+5 градус шамасында болып, облыстың кей жерлерінде үсік жүруі мүмкін. Күндіз ауа температурасы +10…+15 градус аралығында болады, – деп хабарлады «Қазгидромет» мамандары.
Осылайша, Павлодар облысында халық арасында «мизам шуақ» аталатын жылы әрі жаймашуақ күзгі кезең қыркүйектің ортасында өтуі ықтимал.
«Қазгидромет» мәліметінше, қыркүйек айындағы ауаның орташа температурасы климаттық нормаға сай, +11…+13 градус шамасында болады. Дегенмен жауын-шашын мөлшері әдеттегіден көп болуы мүмкін. Мамандар ай бойы жаңбырдың жиі жауатынын, желдің екпіні күшейіп, найзағай ойнауы ықтимал екенін ескертеді.
Еске сала кетейік, дүниежүзілік мұхит температурасы бақылау тарихындағы рекордты жаңартты.