Павлодарда көпбалалы ана соттың көмегімен баспана кезегіне қайта қойылды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Екі жыл бұрын әйел адамға кезегі бойынша әкімдік жер үй берген. Алайда тұрғын денсаулық жағдайына байланысты үйге пеш жаға алмапты. Ол мүгедектігі бар жандарға қолайлы баспана тауып беруді сұрағанымен әкімдік бас тартқан.

Белгілі болғандай, көп балалы ана К. мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге мұқтаж тұлғалар ретінде ұзақ уақыт бойы есепте тұрған. 2022 жылы әкімдік оған Павлодар қаласы Кенжекөл ауылында пешпен жылытылатын жаңа үйден пәтер берілген. Алайда ол үйде сумен жабдықтау және кәріз бойынша көптеген мәселелер анықталды.
2023 жылы К. мүгедек деп танылып, дәрігерлер оған физикалық жүктемен айналысуға болмайтынын ескерткен. Соның салдарынан талап қоюшының пешті жағуға физикалық тұрғыдан мүмкіндігі болмай қалған.
«К. жергілікті әкімге тұрғын үй кезегін қалпына келтіру немесе мүгедек мәртебесіне сәйкес басқа тұрғын үй беру туралы өтінішімен жүгінген. Бірақ әкімдіктегілер оны қанағаттандырудан бас тартқан. Істі қарау барысында сот әділдік пен ақылға қонымдылық қағидаттарының, сондай-ақ әкімшілік іс жүргізу тәртібінің бұзылуын анықтады», - деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметінен.
Сот шешімімен жауапкер мен талап қоюшы арасындағы пәтерді жалдау шарты бұзылды. К.-ның мүгедектік мәртебесіне сәйкес, 2014 жылдың 27 маусымынан көпбалалы отбасы санаты ретінде тіркелген кезден бастап мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу кезегі қалпына келтірілді. Сондай-ақ соттың шешімімен жергілікті атқарушы билік мүгедек жанды сәйкес баспанамен қамтамасыз етуге мәжбүрленді.
Еске сала кетейік, жеті жасар Милананың өліміне себепкер болған қыздың анасы 20 жылға, ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды.