Павлодарда қылмыстық топ Еуропадан есірткіні поштамен алып отырған

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодарда Еуропадан интернет дүкені арқылы есірткі тасыды деген күдікпен екі адам қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
None
None

«Басқарма қызметкерлері есірткі саудасымен айналысты деген күдікпен топтың мүшелерін ұстады. Олар Еуропадан синтетикалық есірткілерді тасыған. Ұсталғандар 20-30 жас аралығындағы екі азамат. Есірткіні күдіктілер сайттарға жарнама беру арқылы сатып отырған. Тінту барысында 2 келіден астам, құны 12 миллион теңгеге жуықтайтын LSD (ақыл-естен айыратын), экстази, spice сияқты 1500 бірреттік мөлшердегі синтетикалық есірткі тәркіленді», - деді  облыстық Полиция департаменті есірткіге қарсы күрес басқармасының басшысы Балғабай Қапаров.

Оның айтуынша, есірткіні күдіктілер Еуропадан пошта арқылы сәлемдеме ретінде алып отырған. Полицейлер оларды бір жылдан астам уақыт бойы назарда ұстап, «жасырын сатып алушы» әдісімен интернетпен есірткіге тапсырыс та берген.

 «Арнайы шаралар атқарылып, тексерістік сатып алулар жүргізілді. Олардың өздерінің интернет дүкендері бар. Сол арқылы сайттарға жарнама берген», - деді Б.Қапаров.

Қазіргі кезде ҚР ҚК-нің 297-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Аталған бап бойынша 15-20 жылға дейін бас бостандығынан айыру санкциясы қарастырылған. Күдіктілер Павлодар қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Айта кетейік, жыл басынан бері өңірде есірткіге қатысты 75 қылмыс тіркеліп, 400 келіден астам есірткі түрлері тәркіленді. Сондай-ақ, 30 есірткі саудалау нүктесі анықталып, 32 адам ұсталған.

Соңғы жаңалықтар