Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Павлодарда Мәдениет басқармасының басшысы отбасымен көлік апатынан қаза болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар облысында «НОWО» және «BMW» көліктері соқтығысып, 4 адам ажал құшты. Жеңіл автокөлікте көз жұмғандар - Павлодар облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ардақ Райымбеков пен оның отбасы. Ақпаратты аталған басқарма растап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Павлодарда Мәдениет басқармасының басшысы отбасымен көлік апатынан қаза болды

Облыстық ІІД мәліметіне қарағанда, 2018 жылдың 27 тамызында сағат 00:20 шамасында «Омбы-Майқапшағай» автожолының бойындағы Аққулы ауданының Черное ауылының тұсында «НОWО» және «BMW» автокөліктері соқтығысқан.

«Жол-көлік оқиғасы салдарынан 35 жастағы жүргізуші мен жолаушылар: жүргізушінің 1982 жылғы зайыбы, 2015 жылғы туған баласы, 1965 жылғы әйел адам оқиға орнында қаза тапты. Жолаушылар: 57 жастағы ер адам мен 27 жастағы бойжеткен жарақатпен Аққулы аудандық орталық ауруханаға жеткізілді», - делінген хабарламада.

«НОWО» көлігінің жүргізушісі уақытша оқшаулағышқа қамалған. Аталған факт бойынша ҚР ҚК-нің 345-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, сараптама тағайындалып отыр.

Айта кетейік, өңірлік pavlodarnews.kz сайты қайғылы оқиға кезінде Павлодар облысы мәдениет басқармасының басшысы мен оның отбасы жол апатынан көз жұмғанын хабарлады. Осыдан кейін Павлодар облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы Ардақ Райымбековтың жол апатынан көз жұмғанын растады.