Павлодарда мал қорымы мен зираттарға жайылған қарғын су Ертіске ағып жатқан жоқ
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодарлық тұрғындардың мессенжерлеріне Ертістің жоғары жағындағы зираттар мен мал қорымдарын су басып, одан әрі өзенге құйылып жатқаны туралы ақпарат тарап кетті. Әрі оның салдарынан өңірде ішек аурулары көбейгені, краннан аққан суды кемі 10 минут қайнатып ішу керектігі көрсетілген.

Өңірлік санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бұл ақпараттың жалған екенін мәлімдеді.
Мекеме мамандары ауызсумен қамту нысандарындағы тіршілік нәрінің сапасын бақылауда ұстап отырмыз деп сендірді.
«Су тасқыны кезеңінде туындауы ықтимал санитариялық-эпидемиологиялық жағдайлардың алдын алу мақсатында және халықтың денсаулығына төнетін қауіпті төмендету үшін санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің аумақтық басқармалары тарапынан ауызсумен жабдықтау объектілеріне мониторинг күшейтілді. Сәуір айының басынан ауыз сумен жабдықтау нысандарынан 552 су сынамасы микробиологиялық және санитарлық-химиялық көрсеткіштері бойынша зерттелді, сәйкес келмейтін сынамалар анықталған жоқ.Пайдаланушы ұйымдар мен жергілікті атқарушы органдарға халыққа жеткізілетін ауыз судың сапасына бақылауды күшейту жөнінде, сондай-ақ өндірістік бақылауды жүзеге асыру туралы ескертілді. 8 сәуірдегі жағдай бойынша облыстағы сумен жабдықтау объектілері штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Жіті ішек инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Су басу салдарына байланысты жіті ішек инфекцияларының өсімі байқалған жоқ» деп хабарлады департаменттен.
Дейтұрғанмен мекеме мамандары ішек инфекцияларының, «А» гепатитінің және өзге де жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында жеке гигиенаны сақтауды, ауызсуды кепілдендірілген көздерден алуды және қайнатылған немесе бөтелкедегі суды пайдалануды ұсынды.
Еске сала кетейік, Павлодар облысының прокуратурасы аймақта жалпы саны 38 жеке үйді су басқанын мәлімдеді.
Жалаулы ауылында жарияланған төтенше жағдай режимі алынып тасталды.