Павлодарда мемлекеттік сатып алу талаптарын бұзған 19 лауазымды тұлға жазаланды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Тапсырыс берушілер «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңның қағидаларын жүйелі түрде бұзып келген.
Павлодар прокурорлары мемлекеттік сатып алу шарттарында жеткізушілердің жауапкершіліктен жалтаруына мүмкіндік беретін әреттер жасағаны үшін бірқатар мекеме мен кәсіпорындардың басшыларын жауапкершілікке тартты.
— Талаптарға сәйкес тапсырыс берушілер 30 күн ішінде жеткізушіні мемлекеттік сатып алудың адал емес қатысушысы деп тану туралы талап арызбен сотқа жүгінуге міндетті. Алайда, талдау көрсеткендей, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар бұл мерзімдерді бірнеше рет елемеген. Мұндай әрекетсіздік адал емес жеткізушілердің жауапкершіліктен жалтаруына мүмкіндік береді. Тіпті олар шарт талаптарын орындамаса да жазадан құтылады. Заңда мұндай заң бұзғаны үшін лауазымды тұлғалардың әкімшілік жауаптылығы тікелей көзделген, — деп хабарлады өңірлік прокуратурадан.
Мысалы, сот «KAZ SERVICE PVL» ЖШС-не қатысты «Ақсу қаласының мектеп-лицейі» КММ-нің талап арызын заңда белгіленген мерзімді өткізіп алуына байланысты қанағаттандырудан бас тартқан. Мекеме серіктестік тарапынан міндеттемелердің бұзылғанын 2024 жылғы тамыз айында білген. Алайда талап тек бес ай өткен соң берілген.
Прокуратураның енгізген ұсынуы негізінде Ішкі мемлекеттік аудит департаменті мектеп директорын әкімшілік жауапкершілікке тартып, айыппұл салды.
Барлығы осындай құқық бұзуға жол берген 19 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылған.
Еске сала кетейік, прокуратура балалар орталығы тәрбиеленушісіне 1,1 млн теңге алимент өндіріп берді.